Қарағандылық белсенді Бақытжан Жансейітовтің үйін полиция тінтіп, өзін алып кеткен

30 маусым күні қарағандылық белсенді Бақытжан Жансейтовтың үйіне полиция тінту жүргізіп, біршама затымен қоса белсендіні алып кеткен. Бұл туралы оның зайыбы Думан Нөгербекова дүйсенбі күні әлеуметтік желіде тараған видеода айтты.

– Таңертең үйге бет-жүзіне маска тағып алған төрт адам келді. Екеуі видеоға түсіріп тұрды, екеуі тінту жүргізді. Қастарында екі куәгері бар, олар бұл жақтың адамдарына ұқсамайды, – деді Думан Нөгербекова.

Оның айтуынша, полиция тінтуді таңертеңгі сағат тоғызда бастаған.

– Олар келген кезде балалар ұйықтап жатқан, оларды шошытып, үйді астан-кестеңін шығарып тінту жүргізді, не іздегенін білмейміз, өздері айтпады, әйтеуір телефондарымызды, флешкаларды – бәрін алып кетті. Телефонымды қызым ұстап тұрған, әлгілердің біреуі оның қолынан телефонды жұлып алды. Жұртқа жарияламау туралы бір қағазға қол қойғызды, оның не екенін де білмейміз, – деді Нөгербекова.

Ол жұбайын билік өкілдері саяси көзқарасына бола ұстап әкетті деп есептейді.

Азаттық Бақытжан Жансейтовтің не себепті ұсталғанына байланысты Қарағанды полициясынан түсініктеме алуға талпынып көрді. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров телефон қоңырауына жауап бермеді.

22 мамырда Қарағанды соты жергілікті белсенді Бақытжан Жансейітовті 15 күнге әкімшілік қамауға алған. Сот шешімінде жауапкер "31 мамырда Қарағандының орталық саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шеруге қатысуға үгіттеген" деп жазылған. Жансейітов өзіне тағылған айыпты мойындамаған және өзінің аккаунты бұзылғанын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарағандыда бірнеше белсенді ұсталды