АҚШ Иранның екі шенеунігінің телефон әңгімесін жазып алған. Иранның ядролық нысандарына АҚШ жасаған шабуылды талқылаған екеуі әңгіме барысында шабуылдың қиратып-бүлдіргені күткендегіден аз болғанын айтқан. The Washington Post басылымы мұндай ақпаратты құпия барлау деректерімен таныс төрт дереккөзге сүйеніп хабарлады.
Ақ үй телефон әңгімесі жазылып алынғанын жоққа шығармады, бірақ ирандық шенеуніктердің тұжырымына келіспейтінін білдіріп, олардың АҚШ шабуылы нысанаға алған үш ядролық нысанға келтірілген залалды бағалай алу қабілетіне күмән келтірді.
"Аты-жөні аталмаған ирандық шенеуніктер жүздеген фут үйінді астында не болып жатқанын біледі деу – абсурд. Олардың ядролық қару жасау бағдарламасы бітті", – деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт.
Ұлттық барлау директоры басқармасы газетке "барлау деректерінің бір үзігі барлаудың толық суретін көрсете алмайды", – деп мәлімдеген.
"Аты-жөні аталмаған ирандықтар арасындағы бір телефон әңгімесі – көптеген дереккөздерден алынған дәлелдер жиынтығына сүйенген барлау бағасымен бірдей емес", – деген АҚШ барлау қызметінің жоғары лауазымды өкілі.
• Бұған дейін Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси Иран байытылған уран өндіруді қайта бастау үшін техникалық мүмкіндіктерін сақтап қалды және бұл процесті бірнеше ай ішінде қалпына келтіре алады деп мәлімдеген. Оның сөзінше, Иранның ядролық нысандарына Израиль мен АҚШ жасаған шабуылдар елеулі болғанымен, түпкілікті күйрететіндей залал келтірмеген.
• Израиль мен АҚШ шабуылдар жасап болғаннан АҚШ президенті Дональд Трамп ирандық ядролық нысандар толығымен жойылды деп мәлімдеді. CNN мен The New York Times дереккөздері бұл шабуылдар Тегеранның ядролық бағдарламасын уақытша ғана тоқтатты деп айтқан. Financial Times басылымының дерегінше, жоғары деңгейде байытылған уранның елеулі бөлігі сол қалпында сақталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ МАГАТЭ: Иран уран байытуды жақын арада қайта бастауға қабілетті