Әзербайжан cыртқы істер министрлігі Ресейдің осы елдегі уақытша сенімді өкілі Петр Волоковты шақыртып алып, Екатеринбург қаласында әзербайжан азаматтарына қарсы жүргізілген рейдке байланысты қатты наразылық білдірді.
Министрліктің мәлімдемесінде 27 маусым күні Ресей полициясы жүргізген рейдтер барысында "екі әзербайжан азаматы қатыгездікпен өлтіріліп, бірнеше адам ауыр жараланғаны және тоғыз адам қамауға алынғаны" айтылған.
"Бұл оқиға мұқият тергеліп, зорлық-зомбылық жасаған барлық адам тез арада қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп күтетінімізді жеткіздік, – делінген сырты істер министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова Екатеринбургте қылмыстық істер аясындағы шаралар барысында адамдар ұсталған деп мәлімдеді. Оның сөзінше, күдіктілер – Ресей азаматтары.
28 маусымда Әзербайжан СІМ-ге шақыртылған Петр Волоков әзербайжан тарабына қажетті түсініктеме беріп, құқық қорғау органдары жағдайды қадағалап отырғанын жеткізді, – деді Захарова.
Ресейдің Свердлов облысы бойынша Тергеу комитетінің өңірлік басқармасы мен ІІМ бас басқармасының баспасөз қызметтері РБК агенттігіне "өткен жылдардағы қылмыстық істерге байланысты тергеу аясында кешенді шаралар жүргізілгенін" хабарлады. Күдіктілердің үйлеріне тінту жасалған.
Е1 басылымының жазуынша, 27 маусым күні Екатеринбургте шамамен 50 әзербайжан азаматы ұсталған. Полицейлер баса-көктеп кірген кезде бір адам қайтыс болған.
"Оның жүрегі қысып қалды. Жедел жәрдем шақыртылып, алғашқы көмек көрсетілді, оны аман алып қалуға тырысты, бірақ ажалдан алып қала алмады. Өзі егде жастағы адам еді", – деген марқұмды жақсы білетін куәгер басылымға.
Е1 мәліметінше, қайтыс болған азамат – Екатеринбургтегі "Каспий" кафесінің иелері саналатын ағайынды Сафаровтардың бірі. Олар 2001 жылдың мамыр айында дәл сол кафенің маңында кісі қолынан мерт болған кәсіпкерді өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген болатын. Ол кезде Сафаровтардың оқиғаға қатысы бары дәлелденбеген еді.