ЖАҢАЛЫҚТАР
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жәбірленушілердің жауабы тыңдалды

Талдықорғанда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот жалғасты. 18 сәуірде жәбірленушілердің жауабы тыңдалды.
Бірінші болып Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырова сөйледі. Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған күні Шерзаттың әжесі мен анасына Қаржаубай Нұрымов (Шерзаттың әкесі) хабарласып, олар дереу дүкеннің маңына жеткен.
“Мен таксиден түсіп жатып, жан-жағыма қарап, Шерзатты іздедім. Шерзат көрінген жоқ. Мен Нұрғанатты да, Қаржаубайды да іздеген жоқпын. Ол жерде осыншама көп топ болатынын, балалар үйіліп тұрады дегенді білген жоқпын. Немерем біреуді ұрып қойса, енді не де болса, кешірім сұрайын деп ойладым. Бірақ балам (Шерзат) жеткен адамның жағасына жабысатын бала емес. Боксқа қатысқаннан кейін ол өзінің ар-намысын қорғай біледі. Бәлкім біреу артық кетіп, ол қол жұмсаған шығар деп ойладым. Егер осыншама топ пышақпен келетінін білгенде жедел жәрдем шақырып, милицияға хабарлайтын едім” деді әжесі.
Оның сөзінше, жиналған топ немересін ұра бастаған кезде Шерзатты көрген. Бірақ жете алмаған. Оны айыпталушылардың бірі итергеннен кейін құлап қалған.
“Мен тұра алмай жатырмын, бірақ балаларыма қарасам – Шерзатты сол жерге барған адамның бәрі ұрып жатыр екен. Бір адам қалған жоқ ол жерде – қол көтермеген, аяғымен теппеген. Менің балама сүйтетіндей бұларға не істеп қойғанын әлі күнге дейін түсінбеймін. Менің балам түнде жүретін бала емес. Үйде жатқан бала жәй ғана зарядка үшін дүкенге кеткен еді, ол түнде қаңғып жүретін бала емес. Бірақ [топтың] оны өлтіру үшін барғандары анық болып тұр. Себебі үш машина болып келіп отыр. Дайындалып келіп отырған топ” деді әжесі.
Ол жауап бергеннен кейін залдан шығып кетті. Ақпарат құралдарының жазуынша, ол есінен танып қалып, жедел жәрдем көлігі алып кеткен.
Бұдан соң Шерзаттың анасы Гүлбара Бишимбиева жауап берді. Оның сөзінше, сол күні енесімен дүкен алдына барған кезде топтасып тұрған 10-15 адамды көрген. Шерзат айыпталушылардың бірімен төбелескен. Ізінше топ Шерзат Полат пен Нұрғанат Ғайыпбаевқа жабылады. Өзі Шерзатқа жетпек болған кезде оны айыпталушылардың екеуі қолынан ұстап, жібермейді. Біреуі “сені де өлтіреміз” деп қоқан-лоқы жасайды.
“Жұлқынып, Шерзат жаққа жүгірдім. Сол кезде Шерзат артқа шегініп, құлайды. Оның аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Барып жеткенде ол “мама, мына жағыма қарашы” деп сол жағын көрсетеді. Қарасам, пышақ сұғылғанын көрдім. Бұл кезде Нұрғанатқа да топ жабылып жатады. Оны ұрып тепкілеп болғаннан кейін бір кезде бізге қарай бет алды. Шерзаттың ауыр халде жатқанына қарамастан үш-төрт рет желке тұсынан ұрады. Менің айғайлап жатқаныма қараған да жоқ” деді Гүлбара Бишімбиева
Оның сөзінше, оқиға орнында екі қыз болған, олардан полиция мен жедел жәрдем шақыруды өтінгенде құр қарап тұрып, ештеңе жасамаған.
Ол ұлы мен Нұрғанат Ғайыпбаевтарға нақты кім пышақ сұққанын айтады, бірақ есімдерін шатыстырып алуым мүмкін деп ескертеді.
Мрқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов сотта жанжалдың қалай басталғанын баяндады. Оның сөзінше, ол 3 қазанда жұмыстан кейін кешкі сағат 9-10 шамасында дүкенге көмектесуге барған. Одан кейін айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай мас күйінде келіп, сыра мен темекі сатып алған.
Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше, ол шығып кеткеннен кейін дүкенге ұлы Шерзат пен досы Ахмет Махмет келіп, зарядка құрылғысы мен құлаққапты алуға келгенін айтқан. Шерзат досы Үрімшіге оқуға кететінін және оны шығарып салғысы келетінін жеткізген.
Оның сөзінше, осы уақытта Дархан Әскентай дүкенге қайта кіріп, Шерзаттың көзінше, әкесімен дөрекі сөйлескен. Бұдан соң Әскентай сыртқа шығып кеткен, оның соңынан Шерзат та ілесе шыққан.
“Терезе ашық болатын. Екеуінің жоғары тонда сөйлесіп жатқанын естіп қалдым. Артынан айналып бардым. Шығып үлгергенше балам ұрып жіберді. Екеуін ажыратып алдым. Ажыратқанда Дарханды былай алып кеттім. Балама ескерту жасадым. Дүкенге қайта айналып кіріп, Дарханнан кешірім сұрадым. Мен оған "жүр, ауруханаға апарайын" дедім. "Емін жасап берейін, ақыңды төлейін. Ішем десең ішімдігіңді берейін" дедім. Ол кешірмеймін, балаларды шақырамын, балаң жауап береді, балаңның денсаулығын қойып тастайды деп айтты” деді Қаржаубай Нұрымов.
Сот кезінде бұған дейін желіде қызу талқыланған "Хутор жігіттері" жөнінде де айтылды. Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше, Дархан Әскентай соққыға жығылып, ол өзінің адамдарын шақырғаннан кейін оқиға орнына айыпталушылардың бірі Нұрбол Тоқтаубаев келген. Сөзінше, мас болған. Ол “Дархан Әскентайды кім ұрды?” деп сұраған. Нұрымов ұлын қорғау мақсатында “мен ұрдым” деп айтқан.
Тоқтаубаев “бізді танымайсыңдар ма? Біз Хуторскийдің жігіттеріміз” деп айтты деді оның сөзінен үзінді келтірген Нұрымов.
Кейін дүкен маңына адамдар жинала бастаған шақта Нұрымов 102 және 103-ке хабарласқанмен ешкімді ала алмаған. Бұдан соң Талғар аудананың жедел жәрдем меңгерушісіне хабарласқан. Осыдан кейін ол өзін қорғау мақсатында қолына май кесетін пышақты алып, сыртқа шыққанын айтты.
Дархан, балаңның денсаулығын қойып тастаймыз деген не әңгіме? Кешірім сұрадық қой. Енді не істеуіміз керек? дедім. Бұдан кейін балам “әке, қойыңыз болды, болды” деді. Бұдан соң дүкенге кіріп, пышақты қойдым” деді ол.
Сот кезінде Нұрымов ұлына Абзал Шынасылдың пышақ ұрғанын көрмегенін мойындады. Ол тек Шерзаттың “папа, бірдеңе тығып алды” дегенін естігенін айтты.
“Кейін "балам, қаш" дедім. Ол қашты. Қашқанын көрдім. Пышақ тығып алды деп ойлаған жоқпын. Сүйтсем пышақ тығып алған екен. Кейін біраз жерге дейін барды да отырып қалды. Нұрғанат пен Гүлбара сол жаққа бара жатты. Мен анама қарай жүгірдім, себебі ол құлап жатты. Отырғызып, айналып барам дегенше жаңағыдай жағдайлар болған. Әйелім баласын ұрғызбай қорғаштап жатты. Анасының жылауына, өтінішіне қарамай [баламды тағы бірнеше ұрды]...Пышақты оның артқы жағынан жауырынан тығыпты. Қан ағып жатыр екен” деді ол.
Нұрымов сот кезінде “әділетті шешім күтемін, отбасымды мазаламасын, баламның қанын төккендер тиісті жазасын алсын” деді.
Қылмыстық істе 9 күдікті бар, бірі – кәмелетке толмаған. Бұған дейін басым бөлігі тағылған айыптарды мойындамайтынын айтқан.
- 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда өзінің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында қаза болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың аяғы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Салдарынан Шерзат мерт болып, оның немере ағасы жараланған.
- Осы оқиғадан бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі түгі қалмай өртеніп кеткен, ол түні үйде ешкім болмаған, отбасы мүшелері Шерзаттың атасының үйінде ас беруге дайындалып жатқан. Полиция өрт әдейі қойылған деп хабарлап, ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен. Наурыз айында Қазақстанның бас прокуратурасы Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты.
- Шерзат қаза тапқан оқиға кезінде оның қасында болған, пышақтан жарақат алған немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр қараша айында Полаттың отбасы тұратын Азат ауылының сырт жағында өлі табылды. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Бірақ марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасы шығарылған күні Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, жүк көлігінің үстіне шығып алып, ұлы мен інісінің қазаларын әділ тергеуді талап еткен. Осыдан кейін оған "бұзақылық" бабы бойынша айып тағылып, Нұрымов 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Кейін оның үстінен "Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Адвокоттары Нұрымов інісінің жаназасы шығарылған күні полицияның арнаулы жасағы көлігінің дөңгелегін тесіп тастағаны үшін жауапқа тартылған деп хабарлады. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
Басқа да жаңалықтар
Иран Израиль шабуылынан қаза тапқан әскерилері мен ғалымдарын жерледі

28 маусымда Иран Израильмен болған 12 күндік қақтығыста қаза тапқан 60-қа жуық әскерилер мен ядролық ғалымдарды жерледі. Иран туы жабылған табыттарды Тегеранның орталық алаңынан алып жүрді. Әскерилер мен ғалымдарды соңғы сапарға шығарып салуға мыңдаған адам жиналды.
Жерленгендер арасында Иран қарулы күштерінің басшысы Мохаммад Бакери, Иранның ислам революциясы сақшылары корпусының 2019 жылдан бергі қолбасшысы генерал-майор Хоссейн Салами және Тегерандағы Азад университетінің ректоры, ядролық ғалым Мохаммад Мехди Техранчи бар бар.
Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды және режимнің әскерилерін өлтірген. Кейін Иран да жауап ретінде Израильге ракеталармен шабуылдаған.
22 маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуылдап, соққы жасаған. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты тоқтатқанын мәлімдеген.
Ресей Одессаға дрондармен шабуылдап, екі адам қаза тапты. 17 адам жараланды

28 маусымға қараған түні Ресей әскері Украинаның Одесса қаласын дрондармен шабуылдап, ерлі-зайыпты қаза болды. Дрондардың бірі 21-қабатты үйге соғылып, 7-9 қабаттың арасында өрт шыққан. Кейбір тұрғындар пәтерлерінен шыға алмай қалған.
Одесса мэрі Геннадий Труханов пен Одесса облысы әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипер шабуылдан ерлі-зайыпты қаза тапқанын, тағы 17 адам зардап шеккенін хабарлады. Жараланғандар арасында үш бала бар.
Украина әуе күштері Ресей 23 дронмен шабуылдағанын, дрондардың көбі Одесса облысына бағытталғанын мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, 21 дрон құлатылған, біреуі бағытынан жаңылған.
Трамп Хаменеиді "масқара өлімнен сақтап қалдым" дейді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның рухани көсемі аятолла Али Хаменеидің мәлімдемелерінен соң Тегеранға қатысты санкцияларды жұмсартудан бас тартқанын жазды.
26 маусымда Хаменеи телеарнада мәлімдеме жасап, Иран Израильді де, АҚШ-ты да жеңді деген еді.
"Иран халқын құттықтаймын. Сионистік режим қираудың алдында қалды және Ианның соққыларынан қатты зардап шекті. Америка режимі де тікелей соғысқа араласты, себебі олар араласпаса сионистік режим толық жойылатынын сезді. Мұнда да ислам республикасы жеңді және Американы шапалақпен бір тартты" деген еді аятолла.
Трамп Thuth Social желісінде Хаменеидің мәлімдемесін "ақымақ әрекет" әрі "жалған" деп атады.
"Оның елі құртылды, оның қатерлі үш ядролық нысаны жойылды. Мен оның қайда тығылып отырғанын білдім, бірақ Израиль мен әлемдегі ең күшті әскер АҚШ-тың қарулы күштеріне оның көзін жоюға рұқсат етпедім. Мен оны жаман әрі масқара өлімнен құтқардым" деп жазды Трамп.
Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды өлтірген. Кейін Иран да жауап ретінде Израильге ракеталармен шабуылдаған.
22 маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуылдап, соққы жасаған. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты тоқтатқанын мәлімдеген.
Украина Ресейдің Су-34 ұшағын жойғанын мәлімдеді

Украина қауіпсіздік қызметі және Украина қарулы күштерінің бас штабы 27 маусым түнде Волгоград облысы Мариновка аэродромында Ресейдің Су-34 әскери ұшағын жойғанын, тағы екеуі бүлінгенін мәлімдеді.
Украина қарулы күштері әскери ұшақтарды алысқа ұшатын дрондар шабуылдағанын айтады. Бұл шабуылдан соң аэродромның техникалық-эксплуатациялық бөлігінде өрт шыққаны хабарланды.
Украина әскерилері Ресейдің Су-34 ұшағымен Украинаға ракетамен және бомбамен шабуылдайды дейді.
Мәскеу тарабы Украинаның хабарламасына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі тек Волгоград облысында Украинаның 13 дронын атыс түсіргенін хабарлады. Кремльшіл блогерлер де аэродромға шабуыл жайлы ештеңе жазбады.
Путин: Ресей Украинамен келіссөздің үшінші кезеңіне дайын

Ресей президенті Владимир Путин 27 маусымда Минскідегі баспасөз мәслихатында Мәскеу Украинамен келіссөздің үшінші кезеңіне дайын деп мәлімдеді.
"Жалпы айтқанда біз дайынбыз. Уақыт пен өтетін жерді келісу керек" деді ол. Путин Түркия президенті Режеп Ердоған "бұл процесті қолдау бойынша бұрынғы ұстанымында қалады деген ойдамын" деп, келіссөзді Стамбулда өткізуді меңзеді.
"Меніңше, келіссөзде екі тараптың меморандумы талқылануы керек" дейді Путин. Оның сөзінше, екі тараптың бір-біріне тапсырған құжаттары қарама-қайшы.
Путин Минскіде баспасөз мәслихатын өткізіп жатқанда Ресей Украинаның Днепропетровск облысындағы Самар қаласына шабуылдап, бес адам қаза тапты. 23 адам жараланған.
Биыл Украина мен Ресейдің арасындағы алғашқы келіссөз 16 мамырда Стамбұлда өткен. Киев келіссөз алдында атысты отыз күнге тоқтатуды ұсынған. Бірақ бұл ұсынысты Мәскеу қабылдамай келеді. Алғашқы келіссөзден соң екі тарап "1000-да 1000" формуласымен тұтқын алмасқан. Бұған қоса, атысты тоқтату үшін талаптарын тізіп, меморандум ретінде тапсыруға келіскен.
Екінші келіссөз 2 маусымда өтіп, тараптар тұтқындағы ауыр жараланған және денсаулық жағдайы ауыр, сондай-ақ 25 жасқа толмаған әскерилерді алмасуға келіскен. Бұған қоса қаза тапқан әскерилердің сүйегін "6000-да 6000" формуласымен алмасуға да уағдаласқан. Маусымның басында да Мәскеу атысты отыз күнге тоқтатуды қабылдамаған.
Журналистер Украинадағы соғыста қаза тапқан 115 мыңнан астам ресейлік сарбазды анықтады

Ресей Украинаға қарсы ауқымды басқыншылық соғысын бастағалы бері кемінде 115 857 ресейлік әскери қызметші қаза тапқан. Мұндай деректі BBC-дің Орыс қызметі, "Медиазона" және еріктілер тобы ашық ақпарат көздеріне сүйеніп есептеп шығарды.
Соғысқа ерікті ретінде барғандар арасында қаза тапқандар көп. Бұл үрдіс былтырғы жылдың күзінен бері өзгермей тұр, себебі Украинадағы соғысқа қатысып жатқан ресейлік әскери құрамды толықтырудың негізгі жолы – армиямен келісімшартқа отырып, майданға ерікті ретінде барғандар есебінен болып отыр.
Журналистердің есебі бойынша, кемінде 240 ресейлік азамат 18 жасында келісімшартқа отырып, майданда мерт болған. Солардың бірі – Смоленск қаласының тұрғыны Даниил Чистяков. Ол небәрі 18 жыл, 1 ай, 27 күн ғана өмір сүріп, соғыста қаза тапқан. Ал майданда бірнеше күн ғана болған.
Келісімшарт бойынша соғысқа барып, 18 жасында қаза тапқан тағы бір ресейлік сарбаз – Иркутск облысының тумасы Виталий Иванов. Оның анасы Анна баласы екі апталық дайындықтан кейін әскери барлаушы мамандығын алғанын, ал 2025 жылғы 5 ақпанда алғаш рет әскери тапсырма бойынша ұрысқа жіберілгенін айтты.
"Бұл оның алғашқы әрі соңғы ұрыс тапсырмасы болды", – деп еске алды анасы.
2025 жылғы 4 наурызда оған әскери комиссариаттан қоңырау шалып, Виталий 11 ақпанда соғыста қаза тапқанын хабарлаған. Ол майдан шебінде бар болғаны бір аптаға жуық уақыт болған.
2023 жылы Ресейде қабылданған жаңа заң бойынша, мектеп бітірген, кәмелетке толған жастарға келісімшартпен әскери қызмет атқаруға рұқсат берілді. Оған дейін келісімшартпен әскери қызметке қабылдану үшін жоғары немесе орта кәсіптік білім болуы шарт еді.
Арменияда апостол шіркеуінің архиепископы ұсталды. Ол билікті құлатуға шақырды деп айыпталды

28 маусымда Армения астанасы Еревандағы сот Армян апостол шіркеуінің Ширак епархиясы басшысы, архиепископ Микаэл Аджапахянды екі айға қамау туралы шешім шығарды. Оған билікті күшпен басып алуға шақырды деген айып тағылған.
27 маусымда Арменияда күш құрылымдары Аджапахянды ұстауға талпынған еді. Жұма күні таңертең Армения ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) арнайы жасағы мен полиция Армавир облысындағы Эчмиадзин қаласында орналасқан шіркеудің рухани орталығы мен католикос ІІ Гарегиннің резиденциясына барған.
Сонымен бір мезгілде Гюмри қаласындағы Ширак епархиясы басшысының резиденциясында тінту жүргізілген. Архиепископ Аджапахянның үстінен билікті басып алуға жария түрде шақыру бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Эчмиадзинде рухани кеңес жиынында болған Аджапахян жиналған жұрттың алдына шыққан. Ол елге ешқандай қауіп төндірмейтінін мәлімдеген.
Резиденцияның кіреберісінде қауіпсіздік күштері мен дін қызметкерлері арасында қақтығыс болған. Дін өкілдері ҰҚҚ қызметкерлерін ғимараттың ішіне кіргізбеуге тырысқан.
Аджапахян адвокатымен бірге өз еркімен сыртта тұрған полицияға шыққаны кейінірек белгілі болды.
Кейінірек ҰҚҚ жағдайды ушықтырмас үшін және қауіпсіздік мақсатында епископты ұсамауды ұйғарғанын мәлімдеді. Аджапаянның адвокаты Ара Зограбян архиепископ онымен бірге Тергеу комитетіне өздері баратынын хабарлады.
25 маусым күні таңертең Арменияның Тергеу комитеті Армян апостол шіркеуінің архиепископы Баграт Галстанян басқаратын "Қасиетті күрес" оппозициялық қозғалысының мүшелері мен жақтастары "терактілер мен билікті күшпен алуды жоспарлаған" деп мәлімдеді.
Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян құқық қорғау органдары елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген "қылмыстық-олигархиялық дінбасылардың" кең ауқымды жоспарының жолын кесті деп хабарлады. Қозғалыс жақтастарының үйлерінде тінту жүргізілді. Архиепископ Баграт Галстанян да ұсталып, екі айға қамауға алынған.
Армян апостол шіркеуі мен билік арасы шиеленіскен шақта тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұған дейін премьер Пашинян шіркеуді сынға алып, католикос ІІ Гарегинді некесіз өмір салтын ұстануға берген антын бұзды деп айыптаған болатын.
Ал дін өкілдері үкіметтің шіркеуге қарсы саясаты айқын саяси сипатқа ие әрі Армян апостол шіркеуінің ел ішіндегі және халықаралық беделіне нұқсан келтіруді көздейді деп мәлімдеді.
Биыл маусым айында Ереванда шіркеуді қолдайтын ресейлік миллиардер Самвел Карапетян тұтқындалған. Оған да билікті басып алуға шақырған деген айып тағылды. Пашинян миллиардердің энергетика компаниясын мемлекет меншігіне алуға уәде еткен.
Трамп пен Нетаньяху Газа секторындағы соғысты тезірек аяқтауға уағдаласты

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы соғысты жедел аяқтап, араб елдерімен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру жөніндегі жаңа келіссөз кезеңін бастауға уағдаласты. Мұны Israel Hayom басылымы дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.
Трамптың жоспары бойынша, Газадағы әскери әрекеттер екі апта ішінде аяқталуға тиіс, АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобының басшылығы биліктен шеттетіледі, ал Газа аймағын басқару Египет пен Біріккен Араб Әмірліктерін қоса алғанда төрт араб елінен құралған коалицияның қолына өтеді.
АҚШ президентінің ұсынысы бойынша, 2023 жылдың қазан айынан бастап Газа секторында кепілде ұсталып отырған барлық тұтқын босатылуға тиіс, ал Газадан кетуге ниет білдірген палестиналықтарға үшінші елдерден баспана беріледі.
Бұған қоса, АҚШ "Ибрагим (Авраам) келісімін" – Израиль мен бірқатар араб елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру жайлы шарттар – кеңейтуді көздейді. Бұл келісімге Сауд Арабиясы, Сирия, Ливан және басқа да мұсылман мемлекеттері қосылады деген болжам айтылып отыр.
Ал Израиль Палестина автономиясында реформалар жүргізілген жағдайда палестин мемлекеті құрылуы мүмкін деген нұсқаны қарастыруға келіседі. Вашингтон мұның қарымтасына Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы кейбір аумақтарға қатысты Израильдің егемендігін мойындауға әзір.
Трамп Газа секторындағы соғысты аяқтау мәселесін Нетаньяхуға қатысты қозғалған қылмыстық істерді тоқтатумен байланыстырды. Израиль премьер-министріне жемқорлыққа қатысты айып тағылып отыр.
АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісінде жазған постында Нетаньяхуға қарсы сот процесін доғаруға шақырып, премьерді қудалауды тоқтатуды жанжалды бейбіт жолмен реттеу мен кепілдегі адамдарды босатуды қамтитын кең көлемді қадамның бір бөлігі ретінде атады. Израиль саясаткерлері премьер-министр кінәсін мойындаған жағдайда оған Израиль президентінің кешірім жариялау мүмкіндігін қарастыратын идеяны Трамптың ұсынысы аясында талқылап жатыр.
Сонымен бірге, Каирде Израиль мен ХАМАС арасында Газада кепілде отырған адамдарды босату және сектордағы атысты тоқтату жөніндегі келіссөз тағы да тығырыққа тірелді. Газа аумағында 2023 жылғы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне жасалған шабуыл кезінде палестиналық топтар ұрлап әкеткен 50 тұтқын қалып отыр. Олардың шамамен 20 шақтысы ғана тірі деген болжам бар.
HRW Қырғызстан президентін БАҚ еркіндігі мен азаптауға қарсы тәуелсіз бақылауға қатер төндіретін заңдарға вето қоюға үндеді

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қырғызстан парламенті 2025 жылғы 25 маусымда мақұлдаған екі заң жобасы елдегі сөз еркіндігі мен азаптаудың алдын алу тетіктеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін деп алаңдап отыр. HRW Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты бұл екі заңға вето қоюға үндеп, олар Қырғызстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп мәлімдеді.
Даулы екі құжаттың бірі – "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" жаңа заң – билікке БАҚ-ты тіркеуден бас тартуға, олардың жұмысына араласуға және сот шешімінсіз жабуға кең көлемді құзырет береді. Ал екіншісі – омбудсменнің өкілеттіктерін қайта бөлу туралы заң – азаптаудың алдын алу жөніндегі Тәуелсіз ұлттық орталықты таратып, оны омбудсмен аппаратымен біріктіру арқылы орталықтың мандатын айтарлықтай әлсіретеді.
"Парламенттің бұл заңдарды қабылдауы азаматтардың қауіпсіздігі мен адам құқықтарын қорғайтын тәуелсіз институттардың дербестігіне қауіп төндіріп отыр. Президент Жапаров халықаралық стандарттардан әрі қарай алшақтаудың алдын алу үшін вето қоюға тиіс", – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Сыйнат Султаналиева.
Екі заң жобасы да жедел тәртіппен қабылданды – екінші және үшінші оқылым бір күнде өтті. Түпкілікті нұсқалары бірінші оқылымда мақұлданғанынан айтарлықтай өзгеше болып шықты, бұл жайт депутаттар мен азаматтық қоғамға құжаттарды тиісті деңгейде зерделеп, талқылауға мүмкіндік бермеді.
Азаптаудың алдын алу жөніндегі Ұлттық орталық 2012 жылы Қырғызстан БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясының Факультатив хаттамасын ратификациялағаннан кейін құрылған еді. Бұл орталықтың жұмысына халықаралық сарапшылар жоғары баға берген. 2025 жылы наурызда Қырғызстанға барған сапарында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк орталықты "Орталық Азия аймағына үлгі боларлық" деп атаған.
Қырғызстан пардаменті қабылдаған БАҚ туралы заң барлық интернет-сайттарды бұқаралық ақпарат құралы ретінде тіркелуге міндеттейді. Тіркелмеген ресурстар ақпарат тарату құқығынан айырылады және оларға қылмыстық қудалау қаупі төнеді. Журналистер мен сарапшылар бұл заң құзырлы органдардың ақпарат таратушыны тіркеуден бас тартуына және әкімшілік қысым көрсетуіне жол ашады деп ескертіп отыр.
Бұған қоса осы құжат бұқаралық ақпарат құралындағы шетелдік қатысу үлесі – бұл жекеменшік инвесторлар мен коммерциялық емес ұйымдарға да қатысты – 35 пайыздан аспау керек деген шектеу қояды. Мұндай талап бұрыннан жергіліктімен қоса халықаралық қаржыландыру көздеріне де сүйеніп келген тәуелсіз БАҚ-тың тұрақтылығына соққы болып тиеді дейді сарапшылар.
Бұған дейін жаңа заң жобасымен 2022 жылы президент жарлығымен құрылған жұмыс тобы айналысқан болатын. Оның құрамына БАҚ өкілдері мен заңгерлер кірген. 18 ай жалғасқан талқылау мен кеңестердің нәтижесінде ымыраға тоқтап, келісілген мәтін қабылданбай, оның орнына бұрынғыдан бетер репрессивті нұсқа бекітілді.
Human Rights Watch Қырғызстанның халықаралық серіктестерін, соның ішінде Еуропа одағын аталған заң жобаларына байланысты қатаң алаңдаушылық танытуға үндеді. Атап айтқанда, ұйым жаңа заңдар құқық үстемдігі мен адам құқықтарын сақтау сияқты негізгі қағидаларды бұзатынын еске салды. Бұл қағидалар Қырғызстан Еуроодақпен жасасқан кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімде көрсетілген, ол әлі ратификацияланған жоқ. Аталған даулы заңдар Қырғызстанның Еуроодақпен преференциялық сауда режимдері аясындағы міндеттемелерімен де үйлеспейді.
Трамп Қытаймен сауда келісіміне қол қойылғанын жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Пекин арасындағы сауда келісіміне қол қойылғанын мәлімдеді.
"Біз кеше ғана Қытаймен келісімге қол қойдық. Бізде керемет мәмілелер жасалмақ. Үндістанмен де өте ірі келісім жасалуы мүмкін. Біз [АҚШ бизнесіне] Үндістанды ашық қыламыз. Қытаймен жасалған келісім аясында біз [АҚШ өндірушілері үшін] Қытай нарығын аша бастаймыз", – деп мәлімдеді Трамп Ақ үйде салық жеңілдіктерін ұзарту және бюджетке арналған "ірі әрі әдемі" заңға арналған шарада сөйлеген сөзінде.
Президент Трамп Қытаймен жасалған келісімнің егжей-тегжейін ашып айтпады, бірақ, АҚШ сауда министрі Говард Лютниктің сөзінше, құжатта мамыр айында Женевадағы келіссөздерде қол жеткізілген уағдаластықтар бекітілген. Мәселен, Қытай АҚШ-қа сирек кездесетін металл элементтерін жеткізуді міндетіне алды.
"Олар бізге сирек кездесетін элементтерді жеткізеді. Осы шаруа іске асқан бойда біз қарсы шараларымызды тоқтатамыз", — деді Лютник Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында.
Лютниктің айтуынша, келісімге екі күн бұрын қол қойылған. Бұған қоса министр Ақ үй жақын арада АҚШ-тың он ірі сауда әріптесімен сауда келісіміне отыруды жоспарлап отырғанын айтты.
Ал Қытайдың коммерция министрлігі Пекин бақылауда ұстап отырған тауарларды экспорттау жайлы берілетін өтініштерді мақұлдауға келіскенін хабарлады. Бұған жауап қадам ретінде АҚШ қолданыстағы бірқатар шектеулерді ішінара алып тастамақ.
Ақ үй өкілі АҚШ пен Қытай Женева келісімінің іске асырылу шарттарын келісіп бекіткенін растады. Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі мен Қытай сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға байланысты әзірше түсініктеме берген жоқ.
Сәуір айында Трамп бастаған сауда соғысы екі ел өзара енгізген кеден алымдарының рекордтық өсуіне алып келді: АҚШ тарапынан 145 пайызға дейін, ал Қытай жағынан 125 пайызға дейін көтерілді. Маусым айының ортасында АҚШ президенті Пекинмен келісімге қол жеткізілді деп хабарлаған. Ол кезде Трамп Қытайдың АҚШ-қа магниттер мен сирек кездесетін минералдар жеткізетінін, ал бұған жауап ретінде Вашингтон Қытай студенттерінің АҚШ университеттерінде білім алуына рұқсат беретінін айтқан еді.
Қазақстан биыл Ресеймен АЭС салу жайлы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр

Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу жөніндегі үкіметаралық келісімге 2025 жылдың аяғына дейін қол қою жоспарланып отыр. Бұл туралы журналистердің сауалына жауап берген Қазақстанның Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Жергілікті БАҚ хабарлағандай, министр жобаның нақты құнын атамаған. Оның айтуынша, әзірге тек әлеуетті жеткізушілердің конкурс аясында ұсынған алдын ала есептері ғана бар.
Елдегі бірінші АЭС салуда Ресейге басымдық беру себебіне тоқталған Сәтқалиев бұл шешімнің өзге жайттарға қоса, "құрылыс мерзіміне байланысты ұсыныстарға да" қатысты екенін айтты.
"Қытайлық әріптестермен келіссөздер жүргізілгеннен кейін ғана құрылыс мерзіміне қатысты түсініктеме бере аламыз", – деді министр.
Қазақстанда алғашқы АЭС салу үшін қажет технология жеткізуші ретінде Ресейдің "Росатом" компаниясы таңдалғаны 14 маусымда белгілі болған. Қазақстанның Атом энергетикасы агенттігі хабарлағандай, атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия осы компанияның шарттарын "ең тиімді әрі оңтайлы" деп бағалаған.
Биыл ақпанда Қазақстан үкіметі елдегі алғашқы атом электр станциясын салатын орынды ресми түрде бекітті – ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында тұрғызылмақ.
Алайда көптеген эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне теріс әсер етуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдаушылық білдірген.
Украинамен Еуроодаққа кіру жөнінде келіссөз бастауды Венгрия тоқтатып қойды

Будапешт Украинаға қолдау білдіру жөніндегі Еуропа одағының ортақ мәлімдемесіне вето қойып, Киевпен Еуроодаққа кіру жөнінде келіссөз бастауды іс жүзінде бөгеп тастады. Бұл туралы "РБК-Украина" мен "Украинская правда" басылымдары хабарлады.
Одаққа мүше 26 мемлекет Киев пен Еурокомиссияны Украинаның Еуроодаққа кіруіне дайындық жұмыстарын жеделдетуге үндеген. Алайда, қолданыстағы заң ережесі бойынша, Еуропа одағына мүше елдердің келісімі бірауыздан қабылдануы шарт. Венгрия өз ұстанымын өзгертпейінше, келіссөздердің алғашқы кезеңін ресми түрде бастау туралы шешім қабылданбайды.
Келіссөз бастау туралы шешімнен бөлек, Еуроодақ тарапынан Украинаға көрсетілетін қаржылай қолдау да тоқтатылды. Еуроодаққа мүше Венгрия мен одақ құрамына енуге үміткер Украина арасындағы көп жылдық қарым-қатынас қазір ең төменгі деңгейге түсті.
Соғыс басталғалы бері Ресей сотына әскери қызметтен бас тарту жайлы 20 мыңнан астам іс түскен

Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағалы бері Ресей соттарына әскери қызметтен жалтаруға байланысты 20 538 қылмыстық іс түскен. Мұндай деректі Ресейдің сот сайттарындағы мәліметтерге сүйеніп, "Медиазона" хабарлады.
Ол істердің көбі – 18 159 іс – әскери бөлімді өз бетімен тастап кету бабы бойынша қозғалған. Одан кейінгі орында – бастықтың бұйрығын орындамауға байланысты 1369 іс, ал әскер қатарынан қашу (дезертирлік) әрекеті бойынша 1010 іс тіркелген.
Ресей соттары 17 700 айыпталушыға қатысты үкім шығарған. 2025 жылдың бір ғана сәуір айында мұндай істер бойынша күн сайын орта есеппен 38 сот шешімі шығарылып отырған. Бір ай ішінде жиынтығы 848 үкім шыққан.
Ресейдің Курск облысында соғыс жайлы хабар таратып жүрген қытай журналисі жараланған

Ресейдің Курск облысында Қытайдың Phoenix телеарнасының журналисі Лу Юйгуан жараланды. 63 жастағы тілші украин дронының шабуылынан зардап шеккен деп мәлімдеді облыс басшысы Александр Хинштейн.
Кейінірек Хинштейн Лу Юйгуан ауруханаға жатудан бас тартқанын, оның тек "бас терісі жарақаттанғанын" хабарлады. Қытай журналисі қай жерде, қашан жараланғаны жайлы нақты ақпарат бермеді.
Қытайлық бұрынғы әскери қызметкер Лу Юйгуан 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін соғыс барысынан хабарлар дайындап жүр. Ол Ресей әскері Мариупольді басып алған кезде солармен бірге жүрген. Бұрын ол Ресейдің Шешенстан аймағындағы қарулы шайқас болып жатқан өңірлерде жұмыс істеген және 2008 жылы Ресейдің Грузияға қарсы соғысынан хабар таратқан.
Британдық The Guardian басылымының мәліметінше, Лу Юйгуан ондаған жылдан бері Мәскеуде тұрып жатыр.
ТАСС агенттігі сүйенген дереккөздің хабарлауынша, Курск облысында бас сүйегіне зақым келіп, ауруханаға жеткізілген Лу Юйгуанның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қытай телеарнасы өз қызметкерінің жараланғаны жөнінде әзірше ресми түсініктеме берген жоқ.
Ресей мен Украина кезекті рет тұтқын алмасты

26 маусым күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский Ресей мен Украина арасындағы тұтқын алмасудың жаңа – жетінші кезеңі өткенін хабарлады. Соғысып жатқан екі тарап бұған дейін өз өкілдері Стамбұлдағы келіссөздер аясында жасасқан уағдаластыққа сәйкес тұтқын алмасқан.
Мұның алдында Ресейдің қорғаныс министрлігі де екі жақ тұтқын алмасқанын хабарлаған. Бұрынғы кезеңдердегідей, бұл жолы да нақты неше тұтқын алмасқаны жайлы мәлімет берілмеді.
"Алмасу жалғасып жатыр – тағы бір кезең өтті. Бүгін Қарулы күштердің, Ұлттық гвардияның, Мемлекеттік шекара қызметінің жауынгерлері оралды. Олардың көпшілігі 2022 жылдан бері тұтқында болған. Біз әрбір сарбазды табуға, әрбір есім-сой жайлы ақпаратты тексеруге қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Біз өз адамдарымыздың бәрін үйіне қайтаруымыз керек. Осы істе көмектесіп жүрген әрбір жанға алғыс айтамын", – деп жазды президент Зеленский бейсенбі күні телеграм-арнасына.
Соның алдында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та пікір білдіріп, Стамбұл келіссөздері аясында тұтқын алмасу аяқталған соң Ресей мен Украина делегациялары жаңа кездесу күнін белгілеуі мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда бейсенбі күнгі тұтқын алмасу соңғысы ма, жоқ па – әзірге беймәлім.
ПІКІРЛЕР